Танымал әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет сүйіктісімен қалай танысып, шаңырақ көтергенін баяндады. Айтуынша, болашақ жары Әдиямен ол Ақтау қаласында алғаш рет кездескен, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
— Бір жыл бұрын Берекет есімді досым Ақтауда кофехана ашты. Әкем және оның көмекшісі үшеуіміз жаңа нысанның ашылуына қолдау білдіру үшін бардық. Сол кезде алғаш көрдім. Бір көргеннен ұнап қалды. Бірақ ол күні сөйлесіп, таныса қоймадық. Уақыт өте байланыс үзілді. Кейін Берекеттің үйлену тойында тағы кездестік. Әдия — сол досымның қарындасы. Сол кезде де бірден тілдесе алмадым. Алайда тойдан кейін жастар жиналған отырыста жақын танысып, әңгімелесіп кеттік. Ертеңінде дастархан басында Әдия менің жанымда отырды. Сыртқа шыққанда аяқ киімін әперіп, қамқорлық таныттым. Сол сәттен бастап араласуымыз басталды. Қазір міне, отбасын құрдық, – деді Әділет Майғазиев.
Ал Әдия Мәулен Жаңаөзеннің тумасы. Қазір Ақтаудан Алматыға қоныс аударып, сол жерде тұрмыс құруда. Ол Әділетпен 9 айдай уақыт араласқанын, бір-бірін бұрыннан танитынын айтады.
— Жасым 20-да. Әділетпен жас айырмашылығымыз – 6 жас. Мамандығым – қонақүй бизнесі, колледж бітіргенмін. Болашақта жоғары оқу орнына түскім келеді. Енемен бірге тұруға қатысты көзқарасым – бейтарап. Маған көп адаммен шай ішкен ұнайды. Өзім де отбасымда сіңлі, інім бар, сондықтан үйдегі тәртіп пен қарым-қатынасты жақсы түсінемін, – деді ол.
Жас отбасы бүгінде Алматыда тұрып жатыр.