Бұқар жырау ауданына қарасты Сарыарқа және Құрылыс ауылдарында заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) ашылып, жергілікті жұртшылық үшін алғашқы медициналық көмекті қолжетімді етті. Бұл нысандар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Жаңа ФАП-тардың ашылуы Үштөбе ауылдық округінің мыңнан астам тұрғыны үшін үлкен жеңілдік болды. Енді олар дәрігердің кеңесін алу үшін аудан орталығына сабылмайды. Медициналық қызмет өз ауылдарында қолжетімді.
Жаңа пункттерде дәрігерге дейінгі қабылдау, егу және процедуралық кабинеттер бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалған: пандус, шақыру батырмасы мен қозғалыс индикаторы орнатылған.
Сарыарқа ауылында бұрын науқастар бейімделген үй-жайда қаралатын. Қазір мұнда медициналық қызмет сапасы әлдеқайда жақсарды. Үштөбе дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Жазира Сағымбекованың айтуынша, ауыл тұрғындарын медбике қабылдайды, ал дәрігер аптасына үш рет келіп тексереді.
– Мен Сарыарқаға Қарағандыдан келіп, ауыл халқына қызмет көрсетіп жатырмын. Заманауи жабдықталған кабинеттер бар. Тұрғындар физиокабинет арқылы ем қабылдай алады. Дәрігерлік тексеру де қарастырылған, тіпті бейінді мамандар да келіп тұрады, – дейді медбике Береке Болат.
Құрылыс ауылында 700-ге жуық адам тұрады. Жаңа медициналық пункт іске қосылғанға дейін бұл ауылда да бейімделген ғимаратта қызмет көрсетілген еді. Енді тұрғындар заманауи мекемеде сапалы көмек ала алады.
Бүгінде Бұқар жырау ауданында орталық аудандық ауруханадан бөлек, 13 дәрігерлік амбулатория, 16 ФАП және 25 медициналық пункт жұмыс істейді. Шалғай ауылдарға медициналық көмек уақытылы жетуі үшін 28 санитарлық көлік қарастырылған. Ауданда 305 медициналық қызметкер еңбек етуде, олардың қатарында «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен келген 12 жас дәрігер де бар. Медициналық инфрақұрылымды дамыту мен кадр тапшылығын шешу жұмыстары жалғасуда.