Қазақстан мен Словакия премьер-министрлері бизнес-форумда сауда байланысын нығайту жолдарын талқылады
Фото: Primeminister.kz

Қазақстан мен Словакия премьер-министрлері бизнес-форумда сауда байланысын нығайту жолдарын талқылады

Астанаға ресми сапармен келген Словакия Республикасының Премьер-министрі Роберт Фицо мен Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында тараптар стратегиялық серіктестікті тереңдетуге ниетті екендерін білдіріп, іскерлік байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Олжас Бектенов Словакияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы сенімді серіктесі деп атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және адами капиталды дамыту салаларындағы ұқсастықтары ынтымақтастықты кеңейтуге негіз бола алады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Словакиямен стратегиялық әріптестікті нығайтуға ерекше мән береді. Ортақ ұстанымдар мен әлеуетімізді тиімді пайдалансақ, өзара сауда мен бірлескен жобалар саны арта түспек, – деді Премьер-министр Бектенов.

Өз кезегінде Роберт Фицо тауар айналымын ғана емес, бірлескен өндірісті жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 140 млн долларды құраса, биыл алғашқы төрт айда бұл көрсеткіш 46%-ға өскен.

Сапар аясында өткізілген Қазақстан–Словакия бизнес-форумында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, органикалық өнім өндірісі, денсаулық сақтау, энергетика, азық-түлік өнеркәсібі және IT салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстан тарапы ауыл шаруашылығы саласында бірлескен кәсіпорындар құруға және заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу үшін тәжірибе алмасуға мүдделі екенін білдірді.

Сонымен қатар, қазақстандық тасымалдаушылардың өтінішін ескере отырып, Бектенов транзиттік жүк тасымалына арналған рұқсат квоталарын арттыру мәселесін көтерді.

IT саласына келсек, Astana Hub халықаралық технопаркі бүгінде Google мен Microsoft секілді алпауыт компаниялардың қатысуымен 1 500-ден астам стартапты қолдап отыр. Форумда словак IT секторы өкілдері осы экожүйемен әріптестікке шақырылды.

Кездесу соңында екі елдің премьер-министрлері сауда-экономикалық байланысты одан әрі тереңдетуге және форум барысында жасалған уағдаластықтарды нақты істерге айналдыруға ниетті екендерін мәлімдеді.