Жыл басынан бері 116 мыңнан астам адам Отбасының цифрлық картасы арқылы мемлекеттік қолдауға қол жеткізді
Фото: youtube.com/@tv24kz

Жыл басынан бері 116 мыңнан астам адам Отбасының цифрлық картасы арқылы мемлекеттік қолдауға қол жеткізді

2025 жылдың басынан бері Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету жүйесі белсенді іске асырылып келеді. Осы уақыт аралығында 221,6 мың азаматқа SMS-хабарлама жіберілсе, оның ішінде 116,9 мың адам ешқандай өтінішсіз жәрдемақы немесе әлеуметтік төлем рәсімдеп үлгерген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

ОЦК – азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне сәйкес қандай көмекке құқылы екенін автоматты түрде анықтап, хабарлайтын цифрлық құрал. Жүйе мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық базалары негізінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 20 миллионға жуық қазақстандық немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Жобаның негізгі мақсаты – ел тұрғындарының мемлекеттік қолдауға тең әрі кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету. ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың ұзақ мерзімді басымдығын айқындайтын маңызды құрал ретінде белгіленген.

Қазір ОЦК арқылы 11 түрлі жәрдемақы мен төлем түрін еш өтінішсіз рәсімдеуге болады. Олардың қатарында:
– еңбекке қабілеттіліктен айырылу,
– жұмыссыз қалу,
– асыраушысынан айырылу,
– бала туу мен күтіміне байланысты жәрдемақылар,
– мүгедектігі бар баланы бағып отырған отбасыларға көмек,
– көпбалалы аналар мен отбасыларға берілетін төлемдер,
– атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған бір реттік төлем бар.

Сонымен қатар ОЦК зейнетақы рәсімдеу, «қандас» мәртебесінің мерзімі туралы ескерту, жұмыссыз азаматтарға жұмысқа орналастыру шаралары жайлы ақпаратты да автоматты түрде SMS арқылы жеткізеді.

Айта кету керек, мемлекеттік көмек алу мүмкіндігі туындағанда, азаматқа 1414 нөмірінен арнайы хабарлама жолданады. Азамат келісімін SMS арқылы растаған жағдайда, өтініш автоматты түрде рәсімделіп, төлем оның банктік шотына аударылады.

Министрлік алаяқтыққа жол бермеу үшін 1414-тен келген хабарламаларға міндетті түрде жауап беру қажеттігін ескертеді.