Starlink Қазақстанда ресми жұмысын бастайды: спутниктік интернет енді тұрғындарға да қолжетімді болмақ
Фото: kaztag.kz

Starlink Қазақстанда ресми жұмысын бастайды: спутниктік интернет енді тұрғындарға да қолжетімді болмақ

Қазақстан мен америкалық SpaceX компаниясының еншілес құрылымы – Starlink арасында спутниктік интернет қызметін елімізде ресми түрде іске қосу туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, Starlink Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы заңнамаларын толық сақтай отырып жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл келісім – еліміздің шалғайдағы елді мекендерін жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтуда маңызды қадам. Спутниктік байланыс әсіресе оптикалық желі тартуға қиындық туындайтын таулы, мал жайылымдарына жақын орналасқан немесе инфрақұрылымнан алыс ауылдар үшін таптырмас шешім болмақ.

Министрліктің мәліметінше, Starlink жабдықтары 2025 жылдың үшінші тоқсанынан бастап ресми түрде сатыла бастайды. Яғни, енді жеке азаматтар да спутниктік терминалдарды заңды түрде сатып алып, тіркеп, еліміздің заңнамасына сай пайдалана алады.

— Қазақстан – географиясы ауқымды ел. Халқымыз түрлі өңірлерде шашырай орналасқан. Біз елді толық сапалы интернетпен қамту үшін әртүрлі технологияларды қолданамыз. Алайда кейбір аймақтарда – шалғай фермалар, жайылымдар, биік таулы елді мекендерде – дәстүрлі байланыс жетпейді. Осы тұста Starlink технологиясы тиімді шешім бола алады. Бұған дейін бұл жүйе елімізде тек мектептерге пилоттық режимде қолданылып келген. Енді халыққа да ресми түрде қолжетімді болады, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.

Қазірдің өзінде министрлік пен компания мамандары Starlink қызметтерін жеке пайдаланушылар үшін қолжетімді ету бойынша техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтап жатыр.

Жобаны іске асыру барлық кезеңде Қазақстанның ұлттық заңнамасына, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылады.

Starlink-тің бұл қадамы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жөніндегі тапсырмасына және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының мақсаттарына сай келеді.