«Көзіме жас келді»: Астанада соғыс ардагерін әскери парадқа кіргізбеген (ВИДЕО)
Астанада өткен әскери парад қоғамда үлкен резонанс тудырды. Себебі, соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, бейбіт күннің орнауына үлес қосқан ардагер қарияны ішкі тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау қызметкерлері парад алаңына кіргізбей қойған.
Бұл туралы әнші әрі қоғам белсендісі Зарина Омарова өзінің Instagram парақшасында жазды. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын дәл осы ардагермен көшеде жолығып, үйіне дейін жеткізіп салған. Ардагер өзін таныстырып, 67 жыл бойы нейрохирург болып еңбек еткенін айтқанда, Зарина ерекше құрметпен қабылдаған.
"Өте ашық, сыпайы, кішіпейіл кісі еді. Еңбек жолы – тұнып тұрған ерлік. Бүгін сол кісіні парадқа кіре алмай тұрған сәтінен видео көріп, жүрегім ауырды. Біз осындай адамдарды ұмытпауымыз керек. Олар – елдің шынайы қаһармандары", – деп жазды Омарова.
Желіде тараған видеодан халықтың наразылық танытып жатқаны байқалады. Қолданушылар тарапынан да қызу пікірлер жазылып, оқиға қызу талқыланды.
"Блогер сымақтарды кіргізгенше, осындай кісілерді неге кіргізбейді",
"Жүрегім ауырып отыр ата үшін",
"Атау, біздің елдің ұрпақтарын кешіре гөр",
"Көзіме жас келіп тұр, ұят болды",
"Мереке осы кісілердікі, өзі санаулы-ақ қалды ғой", - деп жазды желі қолданушылары.