«Қылмыспен келген ақша»: Марқұм Шерзаттың әкесі миллиондаған өтемақыны балалар үйіне аудармақ
Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов тергеу барысында күдіктілер тарапынан ұсынылған қаржылай өтемақыдан бірден бас тартқан. Оның бұл шешімі туралы адвокаты Мейірман Шекеев мәлім етті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Адвокаттың айтуынша, Қаржаубай мырза басынан бастап ешқандай ақшалай өтемақыны қабылдауға ниетті болмаған. Ол бар болғаны ұлының атына кір келтірмеуді сұраған.
– Маған ақша керек емес. Тек баламды қараламаса болды. Менің аманатым – сол, – деген ол тергеу кезінде ұсынылған қаражаттан бас тартқан.
Алайда кейін, егер қандай да бір өтемақы төленетін болса, оны жеке мақсатқа емес, мұқтаж жандардың игілігіне жұмсауға дайын екенін білдірген.
– Бұл – қылмыспен келген ақша. Егер ол түссе, мен азамат ретінде оны балалар үйіне аударамын, – деген Қаржаубай Нұрымовтың сөзін заңгері жеткізді.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған істің аясында мұндай шешім көпшіліктің ризашылығына ие болуда.