«Тамақ та, су да ішпеген»: Қамаудағы әйел есінен танып, жедел жәрдем шақырылды
https://mgorod.kz/

«Тамақ та, су да ішпеген»: Қамаудағы әйел есінен танып, жедел жәрдем шақырылды

«Орал қаласындағы тергеу изоляторында аштық жариялаған Эльвира Еркебаева есінен танып қалды», – деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Қамауда отырған Эльвира Еркебаева аштық жариялағанына төрт тәулік өтті. Ол 9 маусым күні тамақтан да, судан да толық бас тартқан. Бұл арқылы ол өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іске наразылық білдіріп, үйқамаққа босатуды талап етіп отыр. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, назар аударуын сұраған.

Аштық жарияланғаннан кейін Еркебаева терезесі жоқ, 1,5×2 метрлік карцерге қамалды. Адвокаты Тамара Сарсенова қорғауындағы азаматшаның эмоционалдық тұрғыда күйзелісте екенін, ұйқысыз жүргенін, әрі жағдайы күннен-күнге нашарлап жатқанын айтты.

12 маусым күні, аштықтың төртінші тәулігінде Эльвира Еркебаева есінен танып, жедел жәрдем шақырылды.


– Оған капельница қойылып, қайтадан қамауға қайтарылды, – деді адвокат Тамара Сарсенова.

Ал Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің БҚО бойынша өкілі Жанат Нұрмағанбетова аштық басталар алдында Еркебаевамен кездескенін растады. Алайда қазіргі таңда ол Астанада іссапарда болғандықтан, сотталушыны қайта көруге мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта қамаудағы әйелдің денсаулығына қатысты жағдай қоғамның және құқық қорғаушылардың ерекше назарында.