Назарбаев Университеті дайындық (Foundation) бағдарламасын тәмамдаған талапкерлерге қатысты шұғыл шешім қабылдады. Бұған дейін осы бағдарлама түлегінің әскерге шақырылуы қоғамда резонанс тудырған болатын. Университет енді бакалавриатқа түсу емтихандарынан сәтті өткен түлектерді бір аптаның ішінде ресми түрде 1-курс студенті ретінде тіркемек, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұндай мәлімдеме оқу орнының Instagram парақшасында жарияланды. Жаңа ереже түлектерге заңды түрде әскерге шақыруды кейінге қалдыру құқығын береді. Алайда бұл шешімнің түпкілікті күшіне енуі тиісті мемлекеттік органның растауын қажет етеді.
Мәселенің шығуына 4 маусым күні көшеде ұсталып, әскерге алынған Foundation түлегінің жағдайы себеп болды. Ол дайындық курсын сәтті аяқтап, бакалавриатқа қабылдану ұсынысын алған және кепілдік жарнасын да төлеп қойған. Алайда әскери есепте студент ретінде тіркелмегендіктен, оның бұл мәртебесі мойындалмаған. Себебі ресми бұйрық тамыз айында ғана шығуы тиіс болатын.
Осы оқиғадан кейін басқа да Foundation түлектері редакцияға хабарласып, өтпелі кезеңде жүргендіктен, өздері де осындай жағдайға тап болудан қауіптенетінін жеткізген.
Оқиғаға байланысты студенттің әпкесі пікір білдіріп, інісі университет базасына студент ретінде тіркелгенін, анықтаманы әскери комиссариатқа жолдағанын, қазір жауап күтіп отырғанын айтты.
Ал Қорғаныс министрлігі бұған дейін аталған азаматты әскерге шақыру заң аясында жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Министрліктің түсіндіруінше, заң бойынша тек ресми жоғары немесе арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын студенттер ғана әскерден кейінге қалдыруға құқылы. Ал дайындық бағдарламалары бұл санатқа кірмейді.
Университеттің жедел шешімі қазіргі және болашақ түлектердің осындай жағдайға тап болмауына сеп болуы мүмкін.