Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлына қажылық жолдамасы үшін ақша берген тағы 40-қа жуық азамат полицияға жүгінді. Олар қажылық сапарына барамыз деп үміттенген, алайда жолға шыға алмай, қаражатынан айырылғандарын айтып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Данияр Имашев «Qazaq Travel» компаниясының атқарушы директоры ретінде 50-ге жуық адамға Мекке мен Мәдинаға жолдама уәде еткен. Алайда сәуір айында ол алаяқтық фактісі бойынша тергеуге алынып, іс бойынша тағы екі адам күдікті деп танылған.
Зардап шеккендер қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар бар. Олар Алматыдағы полиция бөлімшесіне жиналып, тергеу барысы туралы ақпарат сұраған.
— 19 сәуірде ұшуға тиіс едік. Содан бері не жолдама, не ақшамыз жоқ. Алдымен “жұмаға дейін қайтарамыз” деді. Кейін “Құрбан айтқа дейін бәрін шешеміз” деп уәде берді. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бәріне жауапты – директор Данияр Имашев, – дейді жәбірленуші Берік Маржанов.
Қажылыққа ниет білдіргендердің әрқайсысы 500 мың теңге көлемінде қаржы өткізген. Енді олар өздерін алдандық деп есептейді. Көпшілігі “Балғынбек Имашевтың жарнамасына сеніп, баласына сенім арттық” дейді. Алайда қазіргі уақытта айтыскер де, оның ұлы да байланысқа шықпай отыр.
Іс бойынша тергеу жалғасуда. Жәбірленушілер әділ шешім күтіп отыр.