БҚО-дағы қайғылы жағдай: бес баланың өліміне қатысты болжамды себебі айтылды
Фото: nur.kz

БҚО-дағы қайғылы жағдай: бес баланың өліміне қатысты болжамды себебі айтылды

Батыс Қазақстан облысында бір отбасының бес бірдей баласын жалмаған өртке қатысты алғашқы болжам жарияланды. Бұл туралы Сенат кулуарында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға кезінде балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Сол сәтте балалар үйде өздері қалған және сыртынан есік жабылыпты. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт балалардың отпен ойнауынан тұтанған болуы мүмкін.

— Алдын ала болжам – балалардың ойыны. Қазір сараптама жұмыстары аяқталуға жақын. Тергеу жалғасуда, – деді Кеген Тұрсынбаев.

Сонымен қатар вице-министр отбасының бұған дейін газбен қамтылған ескі үйде тұрғанын, тек бір ай бұрын басқа баспанаға көшкенін де атап өтті.

Еске салайық, биыл 4 мамырда Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында шыққан өрттен 1 жастан 6 жасқа дейінгі бес бала көз жұмған болатын. Қайғылы жағдайдан кейін облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Тергеу әлі де жалғасып жатыр.