«50%-ға дейін»: Тоқаев жалақыны өсіру туралы заңға қол қойды
Фото: www.gov.kz

«50%-ға дейін»: Тоқаев жалақыны өсіру туралы заңға қол қойды

Су ресурстары мен ирригация саласында жұмыс істейтін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысы 50%-ға дейін өседі. Бұл өзгеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген түзетулер арқылы жүзеге асады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, жалақының өсуі өңірлік және статистикалық деректерге байланысты 35–50% аралығында болмақ. Нәтижесінде су саласындағы мамандардың табысы жылу және электр энергетикасы саласындағы қызметкерлердің деңгейіне жетіп, бұл кадр тапшылығын азайтуға және білікті мамандарды тартуға ықпал етпек.

Жаңа заң биылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазіргі таңда су шаруашылығы саласындағы орташа жалақы – 231 мың теңге, ал жылу және электр энергетикасында бұл көрсеткіш – 330 мың теңгені құрайды. Осы алшақтықты жою – қабылданған заңның басты мақсаттарының бірі.

Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылы министрлікке қарасты «Қазсушар» кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға көтерілген болатын. Енді бұл қадам ауқымды түрде жалғасып отыр.