Израиль Иранға әуеден соққы жасап, жоғары шенділер қаза тапты
Бұл суретте жұма күні таңертең Израильдің Тегеранға жасаған шабуылынан кейін нысанаға алынған ғимараттардың бірі бейнеленген

Израиль Иранға әуеден соққы жасап, жоғары шенділер қаза тапты

Жұма күні таңғы уақытта Иран астанасы Тегеранда және бірнеше өңірде күшті жарылыстар тіркелді. Израиль әскерінің әуеден соққы жасағаны ресми түрде расталды. Шабуылдар Тегеранмен қатар Натанз, Хамедан, Хоррамабад және Хондаб қалаларында да орын алған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Әскери және ядролық нысандар нысанаға алынған

Израиль қауіпсіздік күштерінің дерегінше, алғашқы соққылар жоғары әскери басшылық пен ядролық салада жұмыс істейтін ғалымдарға бағытталған. Атап айтқанда, Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Салами, ядролық ғалымдар Тегеранчи мен Ферейдун Аббаси қаза тапқан. Соңғысы екі апта бұрын Тегеранның тактикалық ядролық қару жасауы мүмкін екенін айтқан болатын.

Ірі ядролық нысан отқа оранды

Куәгерлердің айтуынша, Натанздағы ядролық инфрақұрылым орналасқан аумақта өрт шыққан. Бұл ақпаратты Ирандық БАҚ та растады. Алайда, ядролық материалдың таралуы немесе радиациялық қауіп туралы мәлімет әзірге жоқ.

«Хатам аль-Анбия» штабының басшысы қаза тапты

Mehr агенттігінің хабарлауынша, Тегерандағы шабуыл кезінде «Хатам аль-Анбия» штаб-пәтерінің басшысы, генерал-майор Голамали Рашид те опат болған.

Моссад Иран ішінде құпия операциялар жүргізді

Израильлік БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, әуе соққыларынан бөлек, Моссад арнайы қызметі Иран аумағында бірқатар жасырын операциялар жүргізіп, зымыран кешендері мен әуе қорғаныс жүйелеріне залал келтірген.

Иран әуе қорғанысын толық режимге көшірді

Иран мемлекеттік телеарнасы елдің әуе қорғанысы толықтай іске қосылғанын хабарлады. Бірақ әлі күнге дейін жарылыстардың нақты себептері туралы нақты түсініктеме берілген жоқ.

Нетаньяху: «Қауіп жойылғанша шабуыл жалғасады»

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху операцияның «қауіп жойылғанша» жалғасатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл әскери қадам Израильдің ұлттық қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.

Қарымта шабуыл болуы мүмкін

Израиль Қарулы күштерінің басшысы Эяль Замир бұл шабуылдың салдары бұрынғылардан өзгеше болуы мүмкін екенін айтып, Иранның міндетті түрде жауап қайтаратынын ескертті. Ал Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл жағдайды Иранмен текетірестегі шешуші кезең деп атады.

Жағдай ушығуда

Осы шабуылдан кейін Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс қаупі күшейіп отыр. Әзірге Иран тарапы ресми жауап қайтарған жоқ. Алайда елдің әскери күштері жоғары дайындық режимінде.