«150 млн»: Сәкен Майғазиевтің ұлының тойын қанша адам көрді, қанша табыс түсті
Фото: Instagram @ann_2905

«150 млн»: Сәкен Майғазиевтің ұлының тойын қанша адам көрді, қанша табыс түсті

Әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділеттің үйлену тойын Telegram-арна арқылы ақылы көрсеткені әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік той көрсетілімі ұйымдастырушылары қанша табыс тапты, қанша адам көрді, олар салық төледі ме деген сұрақтарға жауап іздеп, түрлі есептеулер жасап жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Tengri Life материалына сілтеме жасап.

Қанша адам көрді? Қанша табыс түсті?

Той көрсетілімін көру үшін 1380 теңге төлеу қажет болған. Желі қолданушылары бастапқыда түрлі болжамдар айтып, табысты 7 миллионнан 150 миллион теңгеге дейін болжады.

— «Сәкен онлайн тойдан 150 миллион тапты»,
— «Кемінде 115 мың адам тіркелген»,
— «Бір мезетте 5-6 мың адам көріп отырды»,
— «12 миллион тапты деген нақтырақ сияқты», – деген пікірлер Instagram мен Facebook-та кең тарады.

Tengri Life редакция бұл көрсетілімге нақты қанша адам тіркелгенін анықтау үшін Telegram-ботты тексеріп көрген. Нәтижесінде, ақылы түрде жазылған адам саны – 8743. Бұл дегеніміз, таза табыс шамамен 12 миллион теңгені құрауы мүмкін.

Ал нақты эфир кезінде әр уақытта көріп отырғандар саны 2 мыңнан 6 мыңға дейін ауытқып отырғанын жүргізуші Анна Данченконың Instagram парақшасы арқылы көруге болады.

Ұйымдастырушылар не дейді?

Майғазиевтің командасы бұл көрсетілімге қатысты ресми статистика ұсынудан бас тартқан. Әншінің менеджері «ешқандай есеп жүргізілген жоқ» деп қысқа қайырып, Майғазиевтің өзі қазір бос емес екенін айтқан.

Салық мәселесі қалай шешіледі?

Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жағдайға байланысты пікір білдіріп, ақылы онлайн трансляция — кәсіпкерлік қызмет деп танылатынын еске салды. Яғни, ұйымдастырушылар заң бойынша салық төлеуге міндетті.

Салық мөлшері төмендегідей:

Егер ұйымдастырушы жеке кәсіпкер болса:
– жеңілдетілген режимде — 3%,
– жалпы режимде — 10%.

Егер заңды тұлға болса:
– жалпы салық мөлшері — 20%.

Комитет сонымен қатар бұл іс-шараға қатысы бар мейрамхана, зал жалдаушылар, асаба, әртістер, музыканттар мен би ұжымдары да салық заңнамасына сай әрекет етуі тиіс екенін ескертті.

Қазір трансляция ұйымдастырушыларының қандай салық режимін қолданатыны және қанша төлем жасайтыны нақты белгісіз. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл сұраққа қысқа ғана:

«Салық төлеу – қолданылатын режимге сәйкес жүзеге асырылады» деп жауап берді.

Желіде қызу талқыланғанымен, нақты табыс пен салық жайлы толық ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.