Лабуба: әлемді жаулаған жаңа ойыншық туралы ата-аналар нені білуі керек?

13 маусым, 2025 / Ақбота Сабырхан
Фото: Газета.ру

«Әлеуметтік желілер мен трендтер әлемі тағы бір ерекше құбылыспен толықты. Бұл жолы балалар мен жастар арасында Labubu атты тістері ырсиған, көзі бақырайған жұмбақ ойыншық кеңінен танымал бола бастады», – деп хабарлайды Anyqtime.kz.  

Labubu деген кім немесе не?

Labubu — гонконгтық суретші Касинг Лунгтің авторлық персонажы. Алғашында бұл фигура тек коллекционерлерге арналған шектеулі ойыншық ретінде шығарылған. Бірақ уақыт өте келе ол сәндік брелокқа айналып, танымалдылығы күрт артты. Оған Blackpink тобының мүшесі Лиса, Ким Кардашьян, Рианна сияқты әлемдік жұлдыздар "жол ашып берді" – олардың қолында, сөмкесінде Labubu-ның бейнеленуі бірден жастардың назарын аударды. Осыдан соң Labubu әлеуметтік желілерде вирусша тарап, жаңа сәнге айналды.

Бағасы қандай?

Labubu-ның түпнұсқасы — бағасы бойынша да "ерекше": ол кемінде 10 000 теңгеден басталып, сирек үлгілері бірнеше жүз мың теңгеге дейін барады. Бұл ойыншық бастапқыда балаларға емес, коллекция жинаушыларға арналған. Дегенмен бүгінде оны оқушылар сөмкесіне тағып, сәндік аксессуар ретінде пайдаланып жүр. Отандық маркетплейстерде Labubu-ның түрлі көшірмелері мен сапасы әртүрлі репликалары да сатыла бастады.

Ата-аналар не білуі керек?

Ойыншықтың сырт келбеті оғаш әрі тістері айбарлы көрінгенімен, мамандар Labubu сынды ойыншықтардың бала психологиясына зияны жоқ екенін айтады. Бұл тек сыртқы форма, ал мазмұн жағынан ол классикалық монстр емес. Оның ерекше бейнесі заманауи анимация стилімен, ирониямен және трендтермен байланысты.

Алайда ата-аналар үшін Labubu — тағы бір жоспарланбаған шығын көзі. Бала атақты брелокты қалайды, ал оның бағасы арзан емес. Сондықтан сатып алу алдында баламен ашық сөйлесіп, ойыншықтың мәні мен құндылығы туралы түсіндірген жөн.

Тэгтер:

Лабуба Ким Кардашьян Рианна