Қазақстанның Су спорты түрлері федерациясы жаңа бас хатшыны тағайындады. Бұл қызметке жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин тағайындалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, бұрынғы бас хатшы Сергей Дроздовтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәлімдемесінен кейін конференция қатысушылары Баландиннің кандидатурасын бірауыздан қолдады.
"Дмитрий Баландиннің тағайындалуы – оның спорттағы зор жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сондай-ақ Федерацияны жаңғырту мен институционалдық тұрғыдан күшейтуге бағытталған қадам. Оның кәсібилігі мен беделі еліміздің су спорты саласы үшін маңызды ресурс болады деп сенеміз", – деді Федерация президенті Нұрлан Жақұпов.
Дмитрий Баландин – 2016 жылғы Олимпиада чемпионы (200 метр брасс), 2014 жылғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, 2015 жылғы Универсиаданың жеңімпазы. Ол – 50, 100 және 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуден Қазақстан рекордшысы, 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.
Сондай-ақ, ол – жүзуден Олимпиадада алтын медаль жеңіп алған Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы.
2021 жылдан бастап Баландин Қазақстан ұлттық құрамасында жаттықтырушы және кеңесші ретінде белсенді жұмыс істеп келеді.