Парад өтетін алаңға кіре алмаған тыл ардагерінен кешірім сұралды

8 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
aikyn.kz

Астана қаласында 7 мамыр күні өткен әскери парадқа кіре алмаған тыл ардагері, медицина профессоры Теңдік Изақовтың мәселесіне байланысты қала әкімдігі ресми түрде кешірім сұрады. Бұл жайлы Aikyn.kz сайты жазды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб пен Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов ардагердің отбасымен арнайы кездесіп, оның ұзақ жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, орын алған жағдайға өкініш білдірді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, парад өтетін аумаққа кіру арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылған. Тізім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей түскен өтініштердің негізінде жасалыпты. Бұл шешім орын санының шектеулі болуына және ардагерлердің денсаулық жағдайларын ескере отырып қабылданған.

Алайда Теңдік Изақовтың отбасынан мұндай өтініш түспегендіктен, ол шеру аумағына кіре алмай қалған. Осыған байланысты Астана әкімдігі профессор Теңдік Изақов пен оның жақындарынан ресми кешірім сұрап, 9 мамыр күні өтетін гүл шоқтарын қою рәсіміне арнайы шақырту жіберді.

Тэгтер:

парад тыл ардагері Теңдік Изақов