«Арманда, бәрі орындалады» — дәрігер Тоқаев пен жас пациент туралы жүрек жылытар оқиғаны айтты
Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының нефролог дәрігері Шолпан Алтынова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен жас пациент Анеля арасындағы әсерлі оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Алтынованың айтуынша, бұл оқиға 2023 жылы орын алған. Сол кезде Президент Ана мен бала орталығына арнайы барып, ем алып жатқан балалармен кездескен.
"Сол сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы бір кішкентай қыздан арманың не деп сұрады. Қыздың есімі – Анеля. Ол: 'Менің арманым – бүйрек трансплантациясы' деді. Президент оған: 'Арманда, бәрі орындалады' деп жауап берді", – деп еске алды дәрігер.
Айтуынша, арада жарты жыл өткенде, 2024 жылы Анеляға көптен күткен операция жасалып, арманы орындалды. Қазір қыз бала денсаулығы жақсарып, мектепке барып, өмірге қуанып жүр.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, алғаш рет Ақордада өткен салтанатты жиында бірқатар дәрігерге мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар табыстады. Президент денсаулық сақтау саласының ел өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.