Сүйінші! Әбиба Әбужақынова — Қазақстан тарихындағы алғашқы финалист
Фото: Ашық дереккөзі

Сүйінші! Әбиба Әбужақынова — Қазақстан тарихындағы алғашқы финалист

Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова ел тарихында алғаш рет әйелдер арасында әлем чемпионатының финалына шықты. Бұл тарихи жетістік Будапештте өтіп жатқан дүбірлі додада тіркелді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

48 келіге дейінгі салмақта белдескен спортшы жартылай финалда Испания өкілі Лаура Мартинес Абеленданы айқын басымдықпен жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алды.

Финалдық жекпе-жекте Әбиба Италия атынан сынға түсіп жатқан Асунта Скутто немесе Франция өкілі Ширин Буклидің бірімен татамиге шығады. Бұл жекпе-жек отандық спорт жанкүйерлері үшін үлкен үміт пен тарихи сәтке айналмақ.

Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова бұған дейін де халықаралық ареналарда жарқырап көзге түскен еді. Алайда әлем чемпионатының финалына алғаш рет жолдама алуы – қазақстандық дзюдо тарихындағы маңызды бетбұрыс.