Оралда тағы да қайғылы жағдай: Шаған өзенінен 15 жасар оқушының денесі табылды
Фото: Ашық дереккөзі

Оралда тағы да қайғылы жағдай: Шаған өзенінен 15 жасар оқушының денесі табылды

Орал қаласында тағы бір жасөспірім суға кетіп, қайғылы жағдаймен аяқталды. 11 маусым күні «Вишневый сад» саяжай бірлестігі маңындағы Шаған өзенінде 15 жастағы бала батып кетті. Оқиға орнына жеткен куәгерлер жасөспірімнің мүрдесін судан өздері алып шыққан, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі БҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйене отырып.

Бұл — биылғы жылы Батыс Қазақстан облысында тіркелген екінші осындай оқиға. Бұған дейін, 27 мамырда Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылы маңында тағы бір жасөспірім жабдықталмаған орында суға түсіп, көз жұмған еді.

2023 жылы өңірде суға кету салдарынан 16 адам қаза тапса, олардың алтауы — балалар. Жыл басталғалы бері облыста су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 412-бабына сәйкес 20 азамат пен 2 заңды тұлға жауапқа тартылып, жалпы сомасы 348 282 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Суға шомылу маусымының басталуымен құтқарушылар тәулік бойы патрульдеу жұмысын күшейткен. Мәселен, 12 маусым күні кешке Жайық өзенінің Жеңіс алаңы маңындағы аумағында патрульде жүрген құтқарушылар 1991 жылы туған әйелдің суға құлап, ағысқа қарсы тұра алмай жатқанын байқап қалған. Дереу әрекет еткен жедел-құтқару жасағы әйелді құтқарып, қайықпен жағаға шығарды.

Құтқарушылар тұрғындарды жабдықталмаған жерлерде суға түспеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.