«Қатты ренжідім»: Үндістандағы ұшақ апатынан тағы бір қыз аман қалды
Фото: www.ndtv.com

«Қатты ренжідім»: Үндістандағы ұшақ апатынан тағы бір қыз аман қалды

Үндістанда орын алған ауыр әуе апаты елді есеңгіретіп тастады. Air India компаниясының Лондонға бағытталған рейсі ұшқан соң бірнеше секунд ішінде тұрғын үйлерге құлап, 250-ден астам адамның өмірін жалмаған. Бірақ бұл ұшаққа 10-ақ минут кешігіп жеткен бір жолаушы — 28 жастағы Бхуми Чаухан — ажалдан аман қалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Бизнес-әкімшілік мамандығында оқитын Бхуми Британияның Бристоль қаласында тұрады. Ол демалысқа Үндістанның батысындағы Анклешварға келген. Бейсенбі күні ол Ахмедабад әуежайынан Лондондағы Гатвикке қайтпақ болған. Алайда жолда қатты кептеліске тап болып, ұшуға бір сағат қалғанда жеткенімен, тіркеу жабылып кеткен екен.

Бхуми Чаухан Ахмедабад әуежайына кешігіп келгендіктен, Лондонға ұша алмай қалғанын айтады.

«Жүргізушімізге қатты ренжідік. Әуежайда қызметкерлерге: “Соңғы жолаушымын, тек 10 минутқа кешіктім, мені кіргізіңіздерші” деп жалындым. Бірақ олар мүлде тыңдамады», – дейді Бхуми.

Ашулы күйде әуежайдан шыққан Бхуми мен күйеуі шай ішу үшін бір жерге тоқтаған. Сол сәтте оларға апат туралы хабар жеткен. Бұл – нағыз ғажайып, дейді ол. Себебі дәл сол рейске онлайн тіркеліп, 36G орнына отырғызылуы тиіс болған.

Air India-ның AI171 рейсі көкке көтерілгеннен кейін шамамен 30 секунд ішінде биіктей алмай, тұрғын үйлерге соғылған. Ұшақтағы 241 жолаушы мен 12 экипаж мүшесінің бәрі қаза тапты. Жердегі сегіз тұрғын да оқиға орнында мерт болды.

Апаттан аман қалған жалғыз адам — Ұлыбритания азаматы Вишвашкумар Рамеш. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Ресми мәліметке сәйкес, қаза тапқандардың қатарында Үндістан, Португалия, Канада және Ұлыбритания азаматтары бар. Оның ішінде Лондондағы бір отбасы мен рухани орталық ашқан ерлі-зайыптылар да болған.

Бұл қайғылы оқиға Үндістандағы соңғы жылдардағы ең ірі әуе апаттарының бірі ретінде тіркеліп отыр. Билік пен құтқарушылар апат орнында әлі де жұмыстарын жалғастырып жатыр.