"Біреуге соғыс — біреуге пайда: Қазақстан мұнайдан ұтып жатыр"
Израильдің Иранға жасаған соққысы Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайды ушықтырып қана қоймай, Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан күтпеген тиімділік әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі экономист Руслан Султановтың Tengenomika телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Израильдің Иранға жасаған әуе шабуылы жаһандық нарықтағы мұнай бағасына тікелей әсер етті. Экономист Руслан Султановтың айтуынша, Brent маркалы мұнай фьючерстері бірден 6%-ға қымбаттап, 73 доллардан асты. Кейбір келісімшарттар бойынша баға тіпті 75,58 долларға дейін жетіп, соңғы екі айдағы рекордтық межеге көтерілді.
Сарапшының пікірінше, Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің ушығуы мұнай тасымалында үлкен қауіп тудырып отыр. АҚШ әскери базаларынан персоналды эвакуациялауға дайындалып жатса, Иран да жауап беруге әзір екенін білдірді. Бұл — мұнай жеткізу жолдарына, әсіресе әлемдік мұнай ағынының 20%-ы өтетін Ормуз бұғазына қауіп төндіруі мүмкін.
Сондай-ақ, АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) елдегі мұнай қоры 3,6 млн баррельге азайғанын хабарлады. Бұл – күтілгеннен жоғары көрсеткіш, яғни нарықтағы сұраныс жоғары. Сонымен бірге, АҚШ-та инфляция деңгейінің төмендеуі Федералдық резерв жүйесінің қыркүйекте базалық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген үмітті күшейтіп отыр. Бұл да өз кезегінде мұнай мен басқа да энергия көздеріне сұранысты арттыруы ықтимал.
Қазіргі таңда Иранның мұнай өндіру көлемі соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, күніне 3,3 млн баррельден асты. Оның жартысы экспортқа кетеді. Бұл — әлемдік ұсыныстың шамамен 2%-ы. Айта кетейік, Қазақстан да шамамен осыншама көлемде мұнай өндіреді.
Дегенмен, бағалар өскенімен, мұнай котировкалары өткен жылмен салыстырғанда әлі де 15,4%-ға төмен.
"Мұнай нарығы геосаяси тұрақсыздық кезеңіне қайта енді. Баға енді тек сұраныс пен ұсынысқа емес, мемлекеттер арасындағы қақтығыстарға да тәуелді болып барады. Бұл — Қазақстан үшін экспорттық табыс, Ұлттық қор мен теңгенің нығаюына мүмкіндік. Алайда мұндай өсім тұрақты болмайды. Бүгін тиімді болып көрінген баға ертең қайта құлдырауы мүмкін", — дейді экономист Руслан Султанов.
Оның айтуынша, Израильдің Иранға жасаған соққысы қысқа мерзімде Қазақстан үшін тиімді болғанымен, жағдай күрделене түссе, нарықтағы ахуал мүлдем басқа бағытта өзгеруі мүмкін. Мысалы, егер АҚШ тікелей араласса немесе Ормуз бұғазындағы тасымал тоқтатылса, онда мұнай бағасы құбылмалы бола түседі.
Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық алтын бағасына да әсер етті. Инвесторлар дәстүрлі түрде сенімді активке — алтынға қайта бет бұрды. Нәтижесінде алтын бір тәулікте 46,5 долларға немесе 1,37%-ға өсіп, бір троя унциясы үшін 3448,92 доллар деңгейіне жетті.
"Алтын — жаһандық тұрақсыздықтың нақты индикаторы. Соңғы айлардағы өсу тренді жалғасып келеді", – деп қорытындылайды Султанов.
Еске сала кетейік Израиль 13 маусымға қараған түні жергілікті уақыт бойынша таңғы 03:30 шамасында Иранның ядролық нысандарына соққы берген болатын.