Табиғатқа апат: Атырау түбінде 600 гектар жер отқа оранды
Атырау қаласынан 15 шақырым жердегі Еркінқала ауылының маңында орналасқан "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағында ауқымды өрт тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау шамамен 600 гектар жерді шарпыған деп хабарлайды Anyqtime.kz.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртті ауыздықтау үшін барлық қажетті шараларды қолға алды. "Қазавиақұтқару" мекемесінің МИ-8 тікұшағы өрт ошағына 9 рет су төгіп, жалпы 27 тонна су шашқан. Әзірге елді мекендерге тікелей қауіп төніп тұрған жоқ.
Өртпен күреске кімдер тартылды?
82 маман (оның ішінде Атырау облысы ТЖД қызметкерлері мен "Ақ Жайық" резерватының мамандары)
17 техника бірлігі
ТЖМ-нің МИ-8 тікұшағы
Байланыс пен үйлестіру үшін оқиға орнында командалық-штабтық көлік орналастырылды.
Қазіргі таңда шамамен 300 гектар аумақта сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандардың мәлімдеуінше, өрттің таралуын шектеу үшін арнайы жоспар жасақталған, әрі жағдай толық бақылауда.
Еске сала кетейік, қамысты алқаптарда жиі орын алатын осындай өрттер тек табиғатқа емес, экожүйеге де елеулі залал келтіруі мүмкін. Осы себепті төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.