Жанжігіт Омархан Бородулиха ауданындағы "Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығына" барды
Абай облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан Бородулиха ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудандық "Мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығына" барды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Сапар барысында, басқарма басшысы орталықтың күнделікті жұмыс тәртібімен, оқыту бағыттарымен және тыңдаушыларға жасалған жағдайлармен жан-жақты танысты. Сондай-ақ, орталықтың оқыту кабинеттерін аралап көріп, әдістемелік қорын тексеріп, тіл үйренушілердің сабақ барысымен танысты.
Кездесу кезінде, тілдерді оқыту ісіндегі өзекті мәселелер, заманауи әдістемелерді енгізу, оқу сапасын арттыру жолдары талқыланды. Басқарма басшысы қызметкерлердің пікірін тыңдап, олардың ұсыныстарын назарға алды.
Жанжігіт Абзалбекұлы орталықтың жұмысына оң баға беріп, тілдерді оқыту сапасын одан әрі жетілдіруде барлық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, орталық директоры Атаева Мейрамгүл Балабайқызына кәсіби міндетін абыроймен атқарып, ұжымымен бірге биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіріп, сәттілік тіледі.
Бұл кездесудің басты мақсаты – өңірде мемлекеттік және басқа тілдерді оқытуды жетілдіру, халыққа қолжетімді тіл үйрену мүмкіндігін қамтамасыз ету және сапалы білім беру ісін дамыту болып табылады.
Айта кету керек, облыс көлемінде тілдерді оқыту орталықтарының жұмысын жандандыру – халықтың тілдік мәдениетін арттырудың маңызды құралы. Басқарма тарапынан алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде қолдау табатын болады.
Ерік Қайратбекұлы,
журналист