Астана әкімдігі Мәсімовтің сарайын коммуналдық меншікке алудан бас тартты
Астана әкімдігі бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовке тиесілі зәулім үйді коммуналдық меншікке қабылдамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берілген жауапта айтылған.
"Қалалық активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасы аталған нысанды коммуналдық меншікке қабылдау қазіргі уақытта жоспарланбайтынын хабарлайды", – делінген ведомствоның жауабында.
Бұған дейін қайтарылған активтерді басқару компаниясы Мәсімовтің Астанадағы үйі әлеуметтік мақсаттарға берілетінін, ол үшін қала әкімдігінен ресми сұраныс қажет екенін хабарлаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Мәсімовтің Караоткель ықшамауданындағы Ерейментау көшесі, 1-үй мекенжайында орналасқан зәулім үйі бұған дейін 879 мүлікпен бірге саудаға шығарылған болатын. Саудаға қойылған мүліктер қатарында жиһаз, тұрмыстық заттар, әшекейлер, коллекциялық монеталар және кәдесый қарулар бар.