Әзербайжанның Шемкирчай су қоймасында орын алған қайғылы оқиға ел жұртын есеңгіретті. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, 2004 және 2005 жылы туған екі жас, Үмид Ибрагимов пен Алия Гасенова демалыс сәтінде суға батып қайтыс болған. Олардың бір-біріне ғашық болғаны айтылып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Milli.az сайтына сілтеме беріп.
Оқиға былай болған: шомылып жүрген Алия Гасенова суға бата бастаған. Жанында болған Үмид Ибрагимов қызды құтқармақ болып суға секіргенімен, өзі де ажал құшты. Олармен бірге жүрген Үмидтің досы Фазиль Гасенов төтенше жағдайлар қызметіне жедел хабар берген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің сүңгуір-құтқарушылары іздестіру жұмыстарын дереу бастап, Үмид Ибрагимовтың денесін судан алып шыққан. Қазіргі уақытта Алия Гасенованы іздеу жалғасып жатыр.
Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қос жастың өмірін қиған трагедия әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Көпшілік бұл жағдайдан кейін су қоймаларындағы қауіпсіздік шараларын күшейту қажет екенін айтып жатыр.