Иран Хайфаға зымыранмен соққы жасады: стратегиялық нысанда өрт шықты, қаза тапқандар бар
Фото: Топор Live

Иран Хайфаға зымыранмен соққы жасады: стратегиялық нысанда өрт шықты, қаза тапқандар бар

Жексенбіге қараған түні Израильдің Хайфа қаласында орналасқан стратегиялық нысандарға жасалған зымыран соққысы салдарынан алапат өрт шықты. Бұл туралы бірқатар израильдік және халықаралық БАҚ-тар хабарлады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Сенбі түнінде IRGC ресми мәлімдеме жасап, "True Promise III" әскери операциясы аясында баллистикалық зымырандар мен дрондардың көмегімен Израильге жауап шабуылы басталғанын мәлімдеді.

Хайфадағы мұнай зауыты өртке оранды

IRGC-нің Telegram арнасының дерегінше, Хайфа маңындағы мұнай өңдеу зауытына түскен зымыран салдарынан нысанда ірі өрт шыққан. Бұл ақпаратты Израильдің Channel 12 телеарнасы да растады.

Адам шығыны тіркелді

Израиль әскері Иранның бұл шабуылынан солтүстік өңірде бір адамның қаза тауып, үшеуі жараланғанын хабарлады. Дегенмен басқа дереккөздер, оның ішінде Times of Israel басылымы, Хайфа маңындағы Тамра қаласында баллистикалық зымыран екі қабатты тұрғын үйге түскенін, салдарынан екі адам қаза тауып, 13 адамның жараланғанын мәлімдеді.

Палестиналық Sama агенттігі Израильдің Israel Hayom газетіне сілтеме жасап, Иранның қарымта шабуылы кезінде Израильдің басып алынған аумақтарында қаза тапқандар саны 6 адамға, ал жараланғандар саны 499-ға жеткенін хабарлады.

"True Promise III" — ауқымды жауап операциясы

IRGC өкілдері бұл шабуылдың Израиль тарапынан жасалған соңғы әуе соққыларына жауап ретінде ұйымдастырылғанын алға тартып отыр. «Сионистік режимнің агрессиялық әрекеттеріне қарсы біздің жауабымыз – заңды әрі әскери қажеттілік», – делінген ресми мәлімдемеде.

Аталған жағдайға байланысты аймақтағы шиеленіс одан әрі ушығып барады. Қауіпсіздік сарапшылары жаңа қақтығыс толқынының басталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.


Айта кетейік, АҚШ Мемлекеттік департаменті Иранда жүрген өз азаматтарына елді тез арада тастап кетуді ескертті.