АҚШ өз азаматтарына Ираннан шұғыл кетуді талап етті

Бүгін, 03:27 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Комсомольская правда

АҚШ Мемлекеттік департаменті Иранда жүрген өз азаматтарына елді тез арада тастап кетуді ескертті. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Иранға баруға тыйым салынады

Мемлекеттік департамент Иранда қалыптасқан қауіпсіздік жағдайына байланысты америкалықтарға Иранға бармауға қатаң кеңес беріп отыр. Ал қазір Иран аумағында жүрген АҚШ азаматтарына елден мүмкіндігінше тезірек кету қажеттігі айтылды.

Әуе кеңістігі жабық

14 маусым, сенбі күні жарияланған ақпаратқа сәйкес, Иранның әуе кеңістігі әзірге жабық күйінде қалып отыр. Сондықтан Ираннан ұшып кетуді жоспарлағандар өз әуе компанияларымен байланысып, рейстердің жай-күйін нақтылауы тиіс.

"АҚШ-тың Иранда консулдық қолдауы жоқ"

Ресми ескертуде АҚШ үкіметінің Иран Ислам Республикасымен дипломатиялық немесе консулдық қатынастарының жоқ екені тағы бір мәрте еске салынды. Ирандағы АҚШ азаматтарының құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаумен Тегеранда елшілігі бар Швейцария үкіметі айналысады.

Ұзақ паналауға дайын болу ескертілді

Ираннан бірден шыға алмай отырған америкалықтарға ұзақ мерзім бойы сол елде тұруға дайын болу қажеттігі де ескертілді. Бұл — Ирандағы жағдайдың күрделілігіне байланысты қабылданған қауіпсіздік шарасы.

Мемлекеттік департаменттің бұл мәлімдемесі Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығып тұрғанын көрсетеді. Бұған дейін Иран мен Израиль арасындағы әскери шабуылдар, Хайфаға түскен зымырандар және Тегерандағы жарылыстар халықаралық алаңдаушылық туғызған болатын.

Тэгтер:

АҚШ Иран