16–18 маусым: Елордада қозғалыс шектеледі – қандай көшелер жабылады?
2025 жылдың 16–18 маусымы аралығында Астанада Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің ресми сапары өтпек. Осыған орай елордада қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бірқатар көшелерде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп мәлімдейді Anyqtime.kz
Ресми сапар аясында 17 маусым күні «Қытай – Орталық Азия» Іскерлік кеңесінің екінші отырысы ұйымдастырылады. Оған Орталық Азия елдерінің басшылары қатысады деп күтілуде. Ауқымды шараға дайындық ретінде Астана көшелерінде жол қозғалысын уақытша тоқтату жоспарланған.
16-18 маусымда төмендегі жол учаскелерінде көлік қозғалысы шектеледі:
Қабанбай батыр даңғылы: Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан Мәңгілік Ел даңғылына дейін;
Мәңгілік Ел даңғылы: Қабанбай батырдан бастап Д. Қонаев көшесіне дейін;
Қонаев көшесі арқылы Қабанбай батырға қайта шығатын бағыт;
Қабанбай батыр даңғылы: Қорғалжын тас жолына дейін.
17 маусымда, төмендегі учаскелерде де қозғалыс тоқтайды:
Керей, Жәнібек хандар көшесі — Мәңгілік Ел даңғылынан Шерхан Мұртаза көшесіне дейін;
Тәуелсіздік даңғылы — Керей, Жәнібек хандар көшесінен А. Байтұрсынов көшесіне дейін;
Қ. Аманжолов пен Ж. Нәжімеденов көшелері — сағат 14:00–20:30 аралығында Бейбітшілік және келісім сарайы маңында қозғалыс тоқтайды.
Қала тұрғындарына ескерту!
Қала билігі тұрғындар мен қонақтарға жол жүру бағыттарын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды сұрайды. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көшелерде уақытша жол белгілері мен ақпараттық маңдайшалар орнатылады.