«Әке – асқар тау»: Бүгін – Әкелер күні
Әлемнің көптеген елінде маусым айының үшінші жексенбісі – Әкелер күні ретінде атап өтіледі. Қазақстанда бұл мереке ресми бекітілмесе де, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін атаулы күн ретінде жыл сайын атап өту дәстүрге айналып келеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Әке – отбасының тұтқасы
Халқымызда "Әке – асқар тау" деген терең мағынасы бар нақыл бар. Бұл тек бейнелі сөз емес, баланың болмысын, мінезін, өмірлік бағытын қалыптастыруда әкенің орны айрықша екенін білдіреді. Бала әкесінен еңбекқорлықты, жауапкершілікті, тәртіп пен табандылықты бойына сіңіреді. Сондықтан Әкелер күні – тек бір күндік мейрам емес, әкенің қоғамдағы орнын, отбасындағы үлгісін бағалауға арналған мүмкіндік.
Мейрам қайдан шыққан?
Әкелер күні алғаш рет 1910 жылы АҚШ-тың Вашингтон штатында тойланды. Бұл бастаманы Соноро Смарт Додд есімді әйел өз әкесінің құрметіне ұсынған. Кейін бұл мереке бүкіл АҚШ-қа тарап, 1972 жылы ресми мереке болып бекітілді. Бүгінде Әкелер күні 80-нен астам елде аталып өтеді.
Қазақстанда қалай атап өтіледі?
Қазақстанда бұл күн кең көлемде аталып өтпесе де, әлеуметтік желілерде әкесін құттықтап, естелік фотолармен бөлісетін азаматтар саны артуда. Кейбір мектептер мен балабақшаларда балалар әкелеріне арналған концерттер, ашық хаттар мен қолөнер бұйымдарын жасап, сүйіспеншіліктерін білдіреді.
Бүгінгі әке – ертеңгі ұрпақтың айнасы
Қазіргі қоғамда әкенің рөлі қайта жаңғырып келеді. Жас отбасыларда бала тәрбиесіне белсене араласатын, жанұясына уақыт бөлетін әкелер көбейіп жатыр. Бұл үрдіс отбасылық институтты нығайтып қана қоймай, ұлттың рухани жаңғыруына да әсер етеді.