Клубтар чемпионаты басталды: Париждіктер Атлетиконы тізе бүктірді

Бүгін, 02:44 / Ақбер Қуаныш
Фото: Getty Images

2025 жылғы Клубтар Әлем чемпионаты Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы үшін жарқын жеңіспен басталды. Турнирдің алғашқы кездесуінде париждіктер Испанияның «Атлетико Мадрид» командасын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Матч АҚШ-тың Калифорния штатындағы Пасадена қаласында орналасқан әйгілі Rose Bowl стадионында өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Ойын басталысымен ПСЖ допқа иелік етуде айқын басымдық танытты. Париждік клуб матч барысында допты 74 пайыз уақыт бойы бақылауда ұстады. Қарсыластың қақпасына 10 дәл соққы бағыттаған олар «Атлетикоға» еш мүмкіндік бермеді. Диего Симеоне шәкірттері небәрі бір ғана соққымен жауап қайырды, бірақ ол да нәтиже бермеді.

Кездесудің есеп шымылдығын 19-минутта Фабиан Руис ашты. Алғашқы таймның қосымша минуттарында Витинья есепті еселеп, команданы үзіліске сенімді басымдықпен алып шықты. Екінші таймда Сенни Майюлу 87-минутта үшінші голды соғып, ойын тағдырын түбегейлі шешті. Матчтың нүктесін 90+7 минутта Ли Кан Ин қойды. Ол белгіленген пенальтиді дәл орындап, есепті 4:0-ге жеткізді.

Матч барысында «Атлетико» ойыншысы Клеман Лангле екінші сары қағаз алып, 78-минутта алаңнан қуылды. Бұл испандық клубтың жағдайын тіпті ауырлатты.

Айта кетейік, биылғы Клубтар Әлем чемпионаты жаңа форматта өтіп жатыр. Жарысқа әлемнің үздік 32 клубы қатысуда. Олар 8 топқа бөлінген. Әр топтан үздік екі команда плей-офф кезеңіне жолдама алады. Турнир 15 маусым мен 13 шілде аралығында АҚШ-тың 12 қаласында ұйымдастырылады. Финалдық кездесу Нью-Йорктегі MetLife Stadium аренасында өтпек. Жүлде қоры – 1 миллиард долларды құрайды. Чемпион атанған команда 125 миллион долларға дейін табыс табуы мүмкін.

Келесі турда «Атлетико Мадрид» 19 маусым күні Сиэтл қаласында жергілікті «Sounders» клубымен кездеседі. Ал ПСЖ дәл сол күні кешкісін Бразилияның «Botafogo» командасына қарсы алаңға шығады. Париждік клуб турнирдің алғашқы кезеңінде-ақ B тобында көш бастады. Тарихи жеңіспен басталған бұл турнир ПСЖ үшін биылғы маусымдағы басты мақсаттардың біріне айналуы мүмкін. Ал «Атлетико» алдағы кездесулерде жіберілген қателіктерді түзетуге тырысатыны сөзсіз.

Тэгтер:

ПСЖ Финал футбол Атлетико Мадрид Клубтар әлем чемпионаты