Созаққа бес жылдан кейін алғаш рет мол су келді

16 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: ortcom.kz

Түркістан облысының Созақ ауданына Шу өзені арқылы ұзақ үзілістен кейін алғаш рет ауқымды көлемде су жетті. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады, деп жазады Anyqtime.kz тілшісі.

Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан жіберілген су табиғатты қорғау мақсатындағы шара аясында Созақ ауданына 2024 жылғы ақпан айында жеткен. Жалпы көлемі 1,5 миллиард текше метрден асатын су жіберу жұмыстары былтыр қыркүйекте басталып, биыл сәуірдің соңына дейін жалғасты.

Аталған көлемді қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қырғызстандағы әріптестерімен бірқатар келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде, су молынан босатылып, Созақпен бірге Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм және Сарысу аудандары да қамтылды.

«Қазсушар» мекемесінің Жамбыл филиалы және Шу-Талас бассейндік инспекциясы өзен бойына арнайы мониторинг жүргізіп, судың табиғи жүйеге әсерін бақылаған.

Мамандардың айтуынша, мұндай көлемдегі су соңғы бес жылда алғаш рет жетіп отыр. Сонымен қатар, биыл Шу өзенінен су өткізетін Фурманов айналма каналы да тазартылып, су жеткізу мүмкіндігі арта түспек.

Тэгтер:

Созақ су Созақ ауданы Шу өзені