Әскерге көшеден ұстап алып кетсе, шақырылушы қандай шара қолдана алады?
Фото: ortcom.kz

Әскерге көшеден ұстап алып кетсе, шақырылушы қандай шара қолдана алады?

Соңғы уақытта талапкерлердің әскерге мәжбүрлі түрде шақырылуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты Anyqtime.kz тілшісі Bes.media-ға сілтеме жасай отырып, Қорғаныс министрлігінің түсініктемесін ұсынады.

Министрлік таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, жинақ пунктіне жеткізілген кез келген азамат өз конституциялық құқықтарынан айырылмайды. Бұл дегеніміз – ол заңгер көмегіне жүгініп, өз таңдауы бойынша адамға қоңырау шалуға құқылы.

Сондай-ақ министрлік заңға сүйене отырып, мына жайтты нақтылады:
– Әскерге шақырудан босату немесе кейінге қалдыру туралы шешімді шақыру комиссиясы қабылдайды (ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 28-бабы, 3-тармағы).

Медициналық тексерістен кейін аудандық немесе қалалық шақыру комиссиясы төмендегі шешімдердің бірін қабылдайды:

Әскери қызметке шақыруға жатады;

Шақыру кейінге қалдырылсын;

Шақырудан босатылсын;

Әскери міндеттен толық босатылсын.

Қабылданған шешім бір тәулік ішінде азаматқа хабарланады, ал егер ол қаласа, шешімнің көшірмесі қолына беріледі.

Қорытынды:
Яғни, әскерге шақырылған адамның заңгерлік көмек алуға да, жақындарымен байланысуға да заңды құқығы бар. Бұл – Конституциямен бекітілген азаматтық құқық.