Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті

16 маусым, 2025 / Ақбота Сабырхан
Фото: акимат Астана

Париж қаласында ұлы қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің мұрасына арналған мерейтойлық көрме ашылды. ЮНЕСКО қазақ музыкасының данышпанының әлемдік мәдениетке қосқан үлесін мойындады, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Мерейтой аясында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты салтанатты көрменің ашылу рәсімі өтті.

XX ғасырдың ұлы композиторларының бірі, дирижер, «Халық қаһарманы» және қазақ музыкасының аңызы – Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған бұл көрме оның тек қазақ емес, бүкіл әлемдік мәдени мұраның алтын қорына енген тұлға екенін дәлелдейтін халықаралық деңгейдегі мойындау болды.

Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуы — аса маңызды дата. Бұл дата ЮНЕСКО-ның еске алу күндері күнтізбесіне енгізілген болатын.

Көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-тен астам бірегей экспонат ұсынылды. Олардың қатарында сирек қолжазбалар, партитуралар, жеке заттар және аты аңызға айналған «Дариға домбыра» бар. Бұл домбыраны композиторға Ахмет Жұбанов сыйлаған еді — дәл сол кісі жас Нұрғисаның бойындағы ерекше дарынды байқап, оның анасын баласын музыка училищесіне беруге көндірген болатын.

Белгілі қазақ композиторының қызы – «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Дінзухра Тілендиева бұл маңызды шараға қатысқанына зор мақтаныш сезімімен бөлісті.

– Залға кіріп, экспонаттарды көрген сәтте бойымнан бір діріл өтіп кетті. Бұл өте толқытатын сәт болды. Мені мақтаныш сезімі кернеді. Алматы қаласының әкімдігіне және ЮНЕСКО-ға алғысымды білдіремін. Әкем өте қарапайым әрі адами қасиеті жоғары жан еді. Ол қаншалықты қарапайым болса, соншалықты данышпан болатын. Оның шығармашылығы қазақ халқына және туған жеріне деген шексіз махаббаттан туындады. Әкем көбіне түнде музыка жазатын. Ол шығармаларын кәдімгі қаламмен, үлкен партитуралық парақтарға қолмен түсіретін – бұл оның хат жазғандай әдісі еді. Оның абсолютті музыкалық есту қабілеті болатын. Музыканың аспаптарда қалай шығатынын тексерудің қажеті де болмаған – оның санасында әуен дәл, мінсіз естіліп тұратын. Қалатыны – сол дыбысты уақытында қағазға түсіру ғана, – деді Дінзухра Тілендиева.

Көрменің ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері мен дипломаттары, ұйымның хатшылығының өкілдері, Париж қаласының тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ Францияда тұратын отандастарымыз қатысты.

Көрме ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде 2025 жылғы 19 маусымға дейін көпшілікке ашық болады. – Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы қазіргі қазақ болмысының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Ол халқының рухани жадына сүйене отырып, заманауилыққа да ашық болды. Оның шығармашылығы барлық мәдениеттерде бағаланатын құндылықтарды – түрлі элементтердің үйлесімділігін бейнелейді. Бір нота өз алдына әдемі болуы мүмкін, бірақ тек көптеген ноталардың үндестігі ғана шынайы гармонияны тудырады. Дәл сол сияқты, әртүрлі дауыстарға құрметпен қарай отырып, біз шын мәнінде маңызды бірлік пен келісімге қол жеткізе аламыз. Бұл – ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық диалог пен ынтымақтастық арқылы бейбітшілікті нығайту миссиясының негізі, – деді ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне.

Тэгтер:

ЮНЕСКО Нұрғиса Тілендиев