Қазақстандық балалар Си Цзиньпинге достық туралы өлең арнады
2025 жылдың 16 маусымында Астана халықаралық әуежайында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинді Қазақстан Президенті ресми түрде қарсы алды. Салтанатты шара барысында құрметті мейманды қазақ және қытай тілдерінде сөйлеген балалар қарсы алып, қос елдің ұлттық билері ұсынылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Қазақстандық журналист Әділ Балтабаев оқиға орнынан түсірілген қызықты видеомен бөлісті. Бейнежазбада балалар маңызды мейманға арнап өлең жолдарын оқыды.
Қыздардың бірі өз сөзін:
– Астанаға қайта қош келдіңіз. Сізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Біз сізге арнап өлең шығардық. Ұнайды деп үміттенеміз, – деп бастады.
Бірінші оқылған өлең жолдары былайша естілді:
"Қытай мен Қазақстан – тыныш орман, таулар мен өзендер таза. Бірге ғасырлық арманды орындаймыз, достық гүлі гүлдейді."
Одан кейін өзге балалар да сөз алып, келесі өлеңді оқыды:
– Құрметті Си ата, біз де сізге арнап өлең жаздық. "Қытай мен Қазақстанның достығы берік. Жібек жолы – жарық нұр. Өзара көмек пен бейбітшілік – мәңгілік", – деп, сөйлеуін қимылмен сүйемелдей отырып аяқтады.
Си Цзиньпин Ернұр мен Шаттықтың қытай тіліндегі айтылымына жоғары баға берді.
– Дыбыстауы мен интонациясы керемет, – деді ол ризашылығын білдіріп.