Жамбыл облысының Шу ауданында полицейлер адасып жүрген 3 жасар баланы тауып, үйіне аман-есен жеткізді. Алайда баланың анасының реакциясы көпшіліктің ашуын туғызды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Тәртіп сақшылары көшеде жалғыз жүрген бүлдіршінді байқап, қайда тұратынын анықтаған соң, ата-анасына жеткізеді. Алайда анасы ұлын көрген сәтте алдымен: «Менің телефоным қайда?» – деп сұраған. Бұл сәт әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қоғам наразылығын тудырды.
Желі қолданушылары мұндай жауапсыздыққа таңданыстарын жасыра алмады:
– «Мұндай аналарды арнайы бақылауға алу керек!»,
– «Небәрі үш жастағы бала. Үйіне аман-сау оралды. Ал анасы баладан бұрын телефонын уайымдап отыр...»,
– «Бей-жай қалмаған полицияға мың алғыс!» – деп пікір білдірді олар.
Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Ал бұл оқиға ата-аналар арасында бала қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау керектігін еске салып отыр.