2025 жылғы 16 маусым күні Алматы қалалық Полиция департаменті бірқатар адамды, соның ішінде шетел азаматын ұстағаны туралы хабарлады. Олардың барлығы алаяқтық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру ісіне қатысы бар, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер қазақстандықтардың банктік карталарынан алаяқтық жолмен ұрланған қаражатты банкоматтар арқылы шешіп отырған. Ұсталғандардың бірі — Қазақстанға арнайы қылмыстық әрекетке қатысу үшін келген шетел азаматы.
"Күдіктілер қаражатты банкоматтардан шешіп алып, көлеңкелі интернет-арналар арқылы нұсқау беретін кураторларға үлесін жіберіп отырған. Өз әрекеттерін жасыру мақсатында олар түрлі әдістер қолданған, оның ішінде сырт келбетін өзгерту де бар", – деп хабарлады Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция ұрланған қаражаттың бір бөлігін тәркілеп, ұсталған азаматтардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Қысқа мерзім ішінде күдіктілер 45 миллион теңгеден астам соманы заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға шақырады:
"Жеке деректеріңізді, банк картаңыздың мәліметтерін, құпия кодтарды бөгде адамдармен бөліспеңіз. Олар өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырса да, абай болыңыз", – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, 2025 жылғы 11 маусымда Ішкі істер министрлігі Алматы мен Алматы облысында әрекет еткен "дропперлердің" (жалған ақша шешушілердің) кураторы ұсталғанын хабарлаған болатын.