Неліктен мәселелерді ChatGPT-мен талқыламау керек – психолог пікірі
Фото: plisio

Неліктен мәселелерді ChatGPT-мен талқыламау керек – психолог пікірі

Психолог Екатерина Орлова жасанды интеллектті, әсіресе ChatGPT-ны қолданудағы бірнеше қауіптер туралы айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта чат-боттарды денсаулық сақтау саласында, әсіресе психотерапия сессияларының орнына пайдалану тәжірибесі жиі кездеседі. Алайда Орлова "Газета.Ru" сайтына берген сұхбатында жасанды интеллектті осылай қолдану түрлі қауіптерге толы екенін түсіндірді.

"Ең алаңдатарлық тұстарының бірі – пациенттердің жеке деректерінің осал болуы. Адамдардың ең терең сезімдері, қорқыныштары мен травматикалық жағдайлары алгоритмге сеніп тапсырылғанда, олар қаскүнемдердің немесе тіпті адал емес корпорациялардың қолына түсуі мүмкін. Тіпті анонимдендірілген ақпарат та кейде қайта идентификацияланып, манипуляция немесе кемсітушілік құралына айналуы ықтимал", – деді Орлова.

Сонымен қатар, жасанды интеллект адамның невербалды белгілерін бағалай алмайтындықтан, кәсіби психологиялық көмек көрсете алмайды. Ол сезімталдық танытпайды, шынайы жанашырлық білдірмейді, сондықтан адамның нәзік эмоциялық нюанстарын түсінбейді. Қиын сәттерде қолданушының эмоционалдық әлсіздігін танымай немесе одан да нашар – қауіпті кеңес берсе, салдары кімге жүктеледі?

Психологиялық кеңес беруде жасанды интеллектті қолданудың тағы бір қаупі – оны тірі мамандардың орнына қабылдау иллюзиясы. "Адам жасанды интеллектті панацея деп санап, ауыр жағдайларда да нақты маманға баруды кейінге қалдыруы мүмкін. Сенімнің шегі қайда? Пациенттер өз сөздері, шағымдары, ең әлсіз ашықтықтары қалай қолданылып жатқанын түсінеді ме? Бұл – технологиялық дамудың парадоксы: бір жағынан жасанды интеллект көмекті қолжетімді етеді, екінші жағынан құпиялылық, жауапкершілік пен адамгершілік нормаларын қайта қарауға мәжбүрлейді. Мүмкін, оңтайлы шешім – жасанды интеллект пен психолог мамандарының кәсібилігін үйлестіре отырып, технологияны құрал ретінде пайдалану, бірақ тірі қатысуды алмастыру емес", – деп түйіндеді психолог.

Алдын ала белгілі болғандай, Қазақстанда кейбір мемлекеттік қызметкерлерге ChatGPT пайдалануына тыйым салынды. Бұл туралы журналистерге цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушін хабарлаған болатын.