Иран әскері «сионистерге» қоныстанған аймақтарды тастап кетуді ескертті
Иран Қарулы күштері Израильдің соңғы шабуылына жауап ретінде қатаң мәлімдеме жасап, басып алынған палестиналық аумақтардағы тұрғындарды қауіптің күшейетіні туралы ескертті. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Tasnim агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Иран Қарулы күштері Бас штабының жанындағы Байланыс орталығының өкілі, полковник Реза Сайяд мәлімдемесінде Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуына Израильдің өзі себепкер екенін айтып, сионистік режимнің жасаған әрекеттеріне Иранның жауабы кешікпейтінін жеткізді.
«Біздің батыр жауынгерлердің кек қайтару шабуылы басып алынған барлық аумақтарды қамтиды. Сол жерлерде енді сионистер үшін қауіпсіз орын қалмайды», – деді полковник Сайяд.
Ол тұрғындарды бұл өңірлерден тез арада кетуге шақырды. Себебі Иран Қарулы күштері сионистік режимнің әскери, басқару, қауіпсіздік және тіпті ядролық саладағы нысандары жайлы толық мәліметтер базасына ие екенін және қажет болған жағдайда кез келген уақытта соққы бере алатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ полковник Сайяд сионистік режимнің премьер-министрін «қылмыстық әрі коррумпирленген» деп атап, оның жеке басының мүддесі үшін бейбіт тұрғындарды қатерге тігіп отырғанын сынға алды.
«Нетаньяху билігін сақтап қалу үшін жазықсыз жандарды тірі қалқан етуде. Бұл – стратегиялық қателік. Мұндай әрекет олардың жеңілуіне алып келеді», – деді ол.
Сайяд халықты қауіпсіздік үшін қауіпті аймақтардан аулақ жүруге шақырды.
«Жерасты паналары да сіздерді қорғай алмайды. Сондықтан біз жасаған ескертуді ескеріңіздер», – деді ол.
13 маусымда Израиль Тегеран мен Иранның өзге өңірлеріндегі бірқатар нысандарға шабуыл жасап, жоғары әскери шенділер мен ғалымдар қаза тапқан болатын. Бұған жауап ретінде Иран зымыранмен бірнеше соққы жасады. Аймақтағы жағдай ушыға түсіп отыр.