«Қорқып кеттім»: Шерзат Полаттың мәйітін зерттеген сарапшы қорқынышты жайттарымен бөлісті
Фото: Видеодан скрин

«Қорқып кеттім»: Шерзат Полаттың мәйітін зерттеген сарапшы қорқынышты жайттарымен бөлісті

Марқұм Шерзат Полат пен Нүкенованың мәйітін зерттеген тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров сот процесі кезінде басынан өткен ерекше сәттермен бөлісті. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшының айтуынша, ол мәйіттермен жұмыс істеуден қорықпайды, керісінше күнделікті қызметінде үйреншікті жағдайға айналған. Алайда өмірде өзін шын мәнінде қорқытатын дүниелер де бар екен.

«Маған: “Мәйітханада жұмыс істейсің, жүрегің бар екен” дейді. Жоқ, мен мәйіттен қорықпаймын. Бірақ қорқынышты фильмдерден, биіктіктен және жер сілкінісінен қорқамын. Мысалы, үшінші қабаттан жоғары тұратын туыстарыма баруға қиналамын. Балконнан төмен қарасам, бойымды түсініксіз үрей билейді», – дейді Халимназаров.

Ол Шерзат Полатқа қатысты сот барысында болған жер сілкінісін де есіне алды:

«Дәл мен сөйлеп жатқанда жер сілкінді. Іштей қорқып кеттім», – деп ағынан жарылды.

Сараптамалық пікір алмасуға қатысқан марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қорғаушысы Мейірман Шекеев те сол күнгі ерекше сәтті еске алды.

«Көп адам мәйіт көрсе шошып қашады, ал бұл кісі солардың ортасында еркін жүре береді. Сол күні залда жер сілкініп жатса да, мен сұрағымды жылдам қойып, қажетті мәліметті алуға тырыстым. Тіпті судьяға “Бісміллә деп жалғастырайық” деп қалжыңдадым», – деді қорғаушы.

Сарапшы Халимназаров пен қорғаушы Шекеевтің бұл пікірі сот процесінің көрінбейтін психологиялық салмағын көрсетіп отыр. Көпшілікке белгісіз, бірақ айыптау мен әділдіктің ортасында жүрген жандар үшін мұндай сәттер күнделікті тәжірибеге айналған.