Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы Қостанай облысында басталды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Ауқымды құрылыс жұмыстары Арқалық қаласы мен Торғай ауылында қатар жүргізілуде. Автожол бағыты «Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» желісін қамтиды. Жолдың жалпы ұзындығы – 865 шақырым.
Жаңа жол дәлізі елдің орталығы мен батыс өңірлерін тікелей байланыстырып қана қоймай, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) шығуын қамтамасыз етеді. Бұл бағыт Астана мен Ырғыз арасындағы қашықтықты 573 шақырымға қысқартады.
Құрылыс кезінде табиғатты қорғау шаралары да назардан тыс қалмаған. Әсіресе киіктер мекендейтін аймақтарда экологиялық қауіпсіздікке ерекше мән берілуде. Жоба аясында жол профилі арнайы 1:10 еңіспен жобаланып, жануарлардың еркін қозғалуына жағдай жасалады.
«Орталық – Батыс» дәлізінің жүзеге асуы транзиттік әлеуетті күшейтіп қана қоймай, аймақтар арасындағы байланыс пен логистиканы едәуір жеңілдетпек. Жолдың салынуы өңірлік даму мен халықаралық қатынастарға да оң ықпал етеді.