Қазақстан Қытайдың жасыл технологиялар банкімен стратегиялық әріптестік орнатты
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан Қытайдың жасыл технологиялар банкімен стратегиялық әріптестік орнатты

Қазақстан мен Қытай арасында экологиялық инновациялар саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) мен Шанхай ғылыми-техникалық алмасу орталығы Азиядағы жетекші экотехнологиялық платформа – Green Technology Bank-пен тікелей әріптестік орнату туралы стратегиялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Келісім шеңберінде Қазақстан экологияны жақсартуға бағытталған алдыңғы қатарлы қытайлық технологияларға қол жеткізіп, ғылыми-техникалық байланысты нығайтпақ. Жаңартылатын энергия, су ресурстарын басқару, қалдықтарды қайта өңдеу, агроэкология және басқа да жасыл бағыттар бойынша Қытайдың дерекқорындағы әзірлемелер мен шешімдер отандық кәсіпорындар мен стартаптарға қолжетімді болады.

Шанхай ғылыми-техникалық алмасу орталығы қазақстандық тарапқа Green Technology Bank сарапшылар базасы мен технологиялық платформасына тікелей қолжетімділік беруге келісті. Бұдан бөлек, Қытай тарапы қаржылық қолдаумен роадшоу, форум, іскерлік миссия секілді бірлескен іс-шараларды жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Тағы бір маңызды бағыт – Қазақстанда таңдалған 20 басым жасыл жобаны сараптамалық сүйемелдеу. Қытайлық мамандар бұл жобалардың жұмыс жоспарын жасауға қатысады және оларды жергілікті нарыққа бейімдеуге қатысты нақты ұсыныстар береді.

ХЖТИЖО Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қалқаманов бұл келісімді стратегиялық серпіліс деп атап өтті:

«Қазақстан енді жасыл технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың тәжірибесіне тікелей сүйене алады. Бұл – инновацияны тез енгізіп, инвестиция тартуға және орнықты әріптестік орнатуға мүмкіндік беретін берік негіз», – деді ол.

Екі тарап бұл бастаманың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасымен де үндесіп жатқанын, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық жасыл күн тәртібіне нақты қадаммен кірігуіне жол ашатынын атап өтті.