Жаңа оқу жылында 200-ден астам мектеп салынады: ауыл мен қаладағы білім алшақтығы қысқарады
Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жаңарту мен кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. 2025–2026 оқу жылында ел аумағында 200-ден астам жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жоспар бойынша 300 мыңнан астам оқушы орнына есептелген жаңа мектептердің ішінде 112 мектеп – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынбақ. Аталған мектептерде 206 мың оқушы білім алады деп жоспарланған. Айта кетерлігі, мектептердің жартысынан көбі ауылдық елдімекендерде бой көтермек.
Бұл бастама үш ауысымды оқытуды жою, апатты мектептерді ауыстыру және 150 мыңнан астам оқушы орнына тапшылықты азайту мақсатында қолға алынған.
Ауыл мектептеріне ерекше көңіл
Сонымен қатар ел бойынша 1000 ауыл мектебі жаңғыртылады. Жөндеу жұмыстары аясында мектеп жиһаздары жаңартылып, кітапханалар мен асханалар, қауіпсіздік жүйелері толық жабдықталады. Бұдан бөлек, химия, физика, биология, робототехника және STEM пәндеріне арналған 1000 заманауи кабинет сатып алынуда.
Жаңғырту бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады
Президент тапсырмасына сай, 1231 мектепті жаңғырту бағдарламасы басталып кетті. Биыл 248 мектепте күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл мектептерде шатыр мен қасбет жаңартылып, инженерлік желілер жөнделеді, терезелер ауыстырылып, мектеп айналасы абаттандырылады.
Аясы кең бастама
2019 жылдан бері елде 1200 жаңа мектеп ашылып, 1 миллионнан астам оқушыға орын берілді. Соның нәтижесінде үш ауысымды оқыту қысқарып, қазіргі таңда 3000 мектеп бір ауысымда жұмыс істеп отыр.
Ауқымды жобалар ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты қысқартып, оқушыларға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.