«772 есеге қысқарды!»: Желіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелері туралы жазба жарияланды
Дидар Смагуловтың фейсбук парақшасынан

«772 есеге қысқарды!»: Желіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелері туралы жазба жарияланды

Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрескер ретінде танылған қоғам белсендісі Дидар Смагулов Фейсбук әлеуметтік желісінде жазба қалдырды. Ол Оқу-ағарту министрлігі бастамасымен білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелері туралы баяндаған, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.

Смағұловтың жазуынша, бұл күрес 2023 жылдың 5 мамырынан бастау алған. Дәл сол күні Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев №124 бұйрық шығарып, білім саласына сыртқы сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жүргізуді қолға алған.

«Бұл шешім Талдықорған қаласындағы Білім бөлімінде анықталған 4,5 миллиард теңгені құрайтын жымқыру дерегінен кейін қабылданды. Осы фактілерді "Әділдік жолы" командасы анықтаған еді. Артынша Ғани Бектайұлы маған хабарласып, дереу әрекет ету қажеттігін айтты», – деп жазды Смағұлов.

Көп ұзамай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен (@antikor.kaz) бірлесіп арнайы Жол картасы жасалып, жүзеге асырыла бастаған. Оның нәтижесі көп күттірмеді:
2023 жылы білім саласындағы жымқыру көлемі 17 миллиард теңгені құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 22 миллион теңгеге дейін төмендеген. Яғни, 772 есеге азайған.

«Мұны нағыз рекорд деп есептеймін. Себебі басқа салаларда мұндай нәтиже көрген емеспін. Біз – білім беру жүйесінің адалдыққа бет бұрған тарихи кезеңінің куәсіміз», – дейді қоғам белсендісі.

Сондай-ақ ол бұл жаңалықтың хайпсыз, жанжалсыз, бірақ шынайы әрі жүйелі жұмыстың жемісі екенін атап өтті.

Желі қолданушылары не дейді?

Дидар Смағұловтың бұл жазбасы қоғамда түрлі пікір тудырды. Кейбір қолданушылар жетістікті жоғары бағаласа, енді біреулер жергілікті деңгейдегі жағдайға күмәнмен қарайды:

«Сыртқы талдауды Антикор жүргізді ма?
«Керемет нәтиже! Сәттілік тілеймін.»
«Қай жерде нәтиже тіркеліпті? Фото – суретте ғана ма?»
«22 миллиона?) Бұл жолы Дидармен келіспеймін! Иә, Ғани Бейсембаев көп жұмыс істеп жатыр, бірақ жергілікті жерлерде жағдай мүлде басқа...»
«Әр тұлға өзінен адалдық пен әділдікті бастаса, еліміздің ертеңі мен келешегі жарқын болары хақ…»

Смағұловтың жазбасында айтылғандай, ендігі мақсат – алдын алу шараларын жүйелі жолға қою. Министр Ғани Бейсембаевпен кездескен қоғам белсендісі алдағы уақытта осы бағытта нақты нәтижелерге жетуге ниетті екенін жеткізді.