Қазақстанда ипотека бойынша шекті жылдық сыйақы мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға төмендету туралы бұған дейін қабылданған шешімнің күші уақытша жойылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz мәліметіне сілтеме жасап.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп, банктерге ипотекалық шарттарды қайта бейімдеу, ішкі жүйелерін жаңарту және жарнамаларды түзету үшін қосымша уақыт қажет екенін мәлімдеді. Осыған байланысты 2025 жылдың 1 қарашасына дейін ипотека бойынша шекті мөлшерлеме 25% деңгейінде қалатыны хабарланды.
Бұған дейін агенттік 25%-дық шекті мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда оны іске асыру банктер тарапынан техникалық және ұйымдастырушылық дайындықты талап еткендіктен, өзгерісті уақытша кейінге шегеру ұйғарылды.
Осылайша, Қазақстанда ипотека рәсімдейтін азаматтар үшін қазіргі шекті мөлшерлеме бұрынғы деңгейінде — 25% болып қала бермек. Ал жаңа талаптардың нақты күшіне ену мерзімі 2025 жылдың қараша айынан кейін белгілі болады.