"Төзім шегіне жетіп қалды": Трамп Иранды берілуге шақырып, ескерту жасады

Бүгін, 04:49 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Sky News Australia

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Иран билігіне қатаң мәлімдеме жасап, оларды толық әрі шартсыз тізе бүгуге шақырды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Трамп АҚШ-тың Иран әуе кеңістігін толық бақылап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Иранның қорғаныс жүйелері бар болғанымен, олар Америка қару-жарағымен салыстырғанда әлсіз.

«Біз Иранның әуе кеңістігін толық бақылап отырмыз. Олар жақсы қорғаныс жүйесіне ие, бірақ АҚШ-тың технологиясымен тең келе алмайды. Мұндайды ешкім АҚШ секілді жасай алмайды», – деп жазды ол.

Сондай-ақ, Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің нақты қайда екенін білетінін айтты.

«Ол – оңай нысана. Бірақ әзірге қауіпсіз жерде. Біз оны жоюды көздеп отырған жоқпыз. Дегенмен бейбіт тұрғындар мен америкалық сарбаздарға шабуыл жасалмауы керек. Біздің төзіміміз таусылуға жақын», – деп ескертті Трамп.

Соңғы сөзінде ол Иран билігін толық және шартсыз тізе бүгуге шақырды.

Тэгтер:

АҚШ Дональд Трамп Иран әуе кеңістігі