Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежад қаза тапты деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ресми дереккөздер мен халықаралық БАҚ мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Oxu.az порталына сілтеме жасап.
Бұған дейін Әзірбайжанның AzTV телеарнасы Ахмадинежад Тегеран орталығында әйелі мен екі баласымен серуендеп жүргенде, бетперде киген белгісіз біреу атып кеткені туралы хабар таратқан болатын. Алайда бұл мәлімет кейін жоққа шығарылды.
Ресми дереккөздерге сүйенсек, экс-президентке қатысты қастандық әрекеті жасалғаны мүмкін, бірақ ол тірі және аман-есен.
Еске салсақ, Махмуд Ахмадинежад Иранды 2005 жылдан 2013 жылға дейін басқарған. Ол ядролық саясат, Израильге қарсы мәлімдемелері және Батыспен қарым-қатынастағы қатаң ұстанымымен есте қалды. 2006 жылы ол "Иран ядролық державалар қатарына қосылды" деп мәлімдеген еді, бірақ ядролық қаруды бейбіт мақсатта ғана пайдаланатынын айтып келген.
Ахмадинежад 2017 және 2021 жылдардағы президент сайлауларына қатыспақ болғанымен, оған рұқсат берілмеді.