Тоқаев Қорғаныс министрінің жаңа орынбасарын тағайындады
Фото: akorda.kz

Тоқаев Қорғаныс министрінің жаңа орынбасарын тағайындады

Қазақстан Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы – Қорғаныс министрінің жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл қызметке Қайрат Садықов тағайындалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Тиісті құжатқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
«Мемлекет басшысының өкімімен Садықов Қайрат Әнуарбекұлы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы болып тағайындалды», – делінген 2025 жылғы 18 маусымда Ақорда Telegram-арнасында жарияланған хабарламада.

Қайрат Садықов 1967 жылғы 14 сәуірде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол 1988 жылы Орынбор жоғары зениттік-зымыран командалық училищесін, 2010 жылы Ұлттық қорғаныс университетіндегі Академиялық курстарды, 2013 жылы Д. А. Қонаев атындағы университетті және 2022 жылы Ұлттық қорғаныс университетінің Бас штаб факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары – Қазақстан Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері Тәрбие және идеологиялық жұмыс бас басқармасының бастығы қызметінен бастаған. Сонымен қатар, 2019 жылғы 5 мамыр мен 2022 жылғы 29 желтоқсан аралығында Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы қызметін атқарған.

2023 жылдан бастап Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас қолбасшы басқармасының штаб бастығы қызметін атқарды.


2025 жылғы 8 маусымда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қызметінен босатты. Бұл қызметке Даурен Қосанов тағайындалды.