Астанадағы балабақшада жан түршігерлік оқиға: тәрбиеші көмекшісі бүлдіршінді аяусыз ұрып-соққан!

Бүгін, 13:51 / Ақбота Сабырхан
Фото: Forbers.ru

2025 жылғы 18 маусымда әлеуметтік желілерде Астанадағы балабақшалардың бірінде баланың қатыгездікпен соққыға жығылған сәті бейнеленген видеожазбалар тарады. Полиция мен қала билігі қандай шаралар қабылдады – бұл туралы Anyqtime.kz  материалында.

Instagram желісіндегі egovpress паблигінде жарияланған мәліметке сәйкес, видеожазбалар Астана әкімдігіне қарасты №21 мемлекеттік "Гүлдер" балабақшасында түсірілген. Ата-аналардың айтуынша, бұл мектепке дейінгі мекемеде балаларға жиі күш көрсетіледі.

Аталған жайт бойынша түсініктеме алу үшін Астана қалалық полиция департаментіне жүгіндік.

"Алматы" ауданының полиция басқармасы аталған дерек бойынша баланы ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізілуде, мекеме қызметкерлері, ата-аналар мен куәгерлерден жауап алынып жатыр. Сонымен қатар бұл дерек бойынша жауапты тұлғаларға шара қолдану үшін Астана қаласы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне ұсыным жолданатын болады", – деп хабарлады Астана ПД баспасөз қызметі.

Ал Астана қалалық білім басқармасы бұл оқиғаға байланысты мектепке дейінгі ұйым әкімшілігі барлық қажетті шараларды қабылдағанын мәлімдеді.

"Тәрбиеші көмекшісінің тәрбиеленушіге физикалық күш қолданғаны бейнебақылау камерасындағы жазбалар арқылы расталды. Қазіргі уақытта тәрбиеші көмекшісі тәртіптік жазаға сәйкес жұмыстан босатылды. Материалдар Полиция департаментіне жолданды. Бұл факт бойынша қылмыстық іс аясында тергеу жүргізілуде", – делінген Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Айта кетейік, 2025 жылғы ақпанда Астанада тәрбиешінің баланы соққыға жығып, нәтижесінде бала кекештеніп қалғаны туралы хабарланған болатын.

Тэгтер:

Астана Балабақша "Алматы" ауданы