«Бізде де жалған дипломмен отырғандар аз емес» — Қоғам белсендісі
Фото: runews24.ru

«Бізде де жалған дипломмен отырғандар аз емес» — Қоғам белсендісі

Қазақстанда соңғы уақытта жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер жайлы жаңалықтар жиілеп барады. Бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда. Осыған қатысты белгілі қоғам белсендісі, білім саласына қатысты өткір ой-пікірлерімен танымал Ербол Сәбитов әлеуметтік желідегі парақшасында өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Democrat.kz. сайтына сілтеме жасап.

Ол Түркиядағы жағдайға назар аудара отырып, параллель жасаған. «Ыстамбұл қаласының әкіміне жалған дипломмен қызмет етті деген айып тағылып, сотқа тартылып жатыр. Бұл – 20 миллион халқы бар мегаполистің басшысы. Осы оқиғадан кейін Түркия бойынша әкімдердің, партия жетекшілерінің, тіпті мемлекеттік қызметкерлердің дипломдарына тексеру басталған. Қазір медиа агенттіктер халық арасында: "Қай партия төрағасы университетті үздік бітірген?" немесе "Пәленше әкім қай оқу орнын тәмамдаған?" деген сауалнамалар өткізіп жатыр», – дейді ол.

Белсенді бұған қарап Қазақстандағы ахуалдың да күрделі екенін меңзейді. Оның айтуынша, елімізде жалған дипломмен мұғалім болып істегендер анықталған жағдайлар бар. Кейбірі жұмыстан шығарылып, алған жалақысын мемлекетке қайтарған. Алайда олардың ісі сотқа жетпей қалып жатады.

«Мемлекеттік қызмет пен саясаттағы тұлғалардың дипломдары тексерілсе, талай "жаңалықтың" беті ашылары сөзсіз. Университетке аяқ баспастан диплом алғандар, оқуын әрең бітіріп, бүгінде елге ақыл айтып жүргендер жетерлік. Біразын жақсы танимыз», – дейді Ербол Сәбитов.

Бұл мәселе қоғамда кадрлық тазалық пен жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Енді дипломдардың заңдылығын тексеру тек мұғалімдермен шектеліп қалмай, жоғары лауазымды тұлғаларға да тарала ма – ол уақыттың еншісінде.